2- өлең.Бұл білім – бар білімнің патшасы, барлық құпияның ең құпиясы. Ол – ең таза білім және өзін-өзі тәжірибе жүзінде тікелей тануға мүмкіндік беретіндіктен, ол – кемел дін. Ол мәңгілік және қуанышқа бөлей отыра орындалады.
3-өлең. Ғибадат етуге сенбейтіндер Маған жете алмайды, уа, дұшпанын тізе бүктіруші. Сондықтан олар осы материалдық әлемдегі туу мен өлім шеңберіне қайта оралады.
4-өлең.Мен көзге көрінбейтін бейнеммен бүкіл жаһанды қамтимын. Бүкіл болмыс Менің бойымда, бірақ Мен оларда емеспін.
5-өлең. Сонда да жаратылғанның бәрі Менде емес. Менің тылсым құдіретімді көргін. Мен барлық тірі жанды демеп тұрушы және барлығына таралған болсам да, Мен бұл ғарыштық көріністің бөлігі емеспін, өйткені жаратылыстың көзі – Өзіммін.
6-өлең. Барлық жерде соғатын күшті желдің ылғи аспан аясында қалатыны сияқты, жаратылғандардың барлығы Менің бойымнан орын тепкен.
7-өлең. Уа, Күнтиұлы, мыңжылдықтың соңында барлық материалдық дүние Менің табиғатыма енеді, ал келесі мыңжылдық басталғанда, Мен оларды Өз құдіретім арқылы қайта жаратамын.
9-өлең. Уа, Дһананджайа, бұл әрекеттің ешқайсысы Мені байлап ала алмайды. Мен осы материалдық әрекеттердің барлығына еш қатысы жоқ бейтарап боп қала беремін.
10-өлең. Менің қуаттарымның бірі болып табылатын бұл материалдық табиғат, уа, Күнтиұлы, Менің басқаруыммен әрекет ете отыра, барлық қозғалатын және қозғалмайтын тіршілік иелерін жаратады. Материалдық көрініс материалдық табиғаттың билігімен бірде жаратылып, бірде жойылып отырады.
11-өлең. Материалдық дүниеге адам кейпінде келгенімде ақылсыздар Мені келемеж етеді. Олар Менің бүкіл болмыстың Жоғарғы Иесі ретіндегі трансцендентті табиғатымды білмейді. |
12-өлең. Осылайша адасқан жандар әзәзілдік және атеистік көзқарастарды ұстануға бет бұрады. Осылай адасушылардың азат болуға деген үміті, кармалық іс-әрекеттері, білім мәдениеті – бәрі де сәтсіздікке ұшырайды.
13-өлең. Уа, Притһаұлы, адасуға ұшырамаған ұлы жандар тәңіри табиғаттың қорғауында болады. Олар толықтай ғибадат етумен айналысады, өйткені олар Мені бастапқы және сарқылмас Құдайдың Түптұлғасы ретінде таниды.
14-өлең. Менің даңқымды үнемі мадақтап, зор табандылықпен ұмтылып, Маған бас иген бұл ұлы жандар Маған әрдайым ғибадатпен табынады.
15-өлең. Білім алуды құрбандық деп санайтын басқа біреулер, Құдай Тағалаға бөлінбейтін бір бүтін деп табынса, енді біреулері Құдайға сан алуан кейіптерге тараушы ретінде және үшіншілері жаһандық кейіпті қабылдайтын Құдай ретінде табынады.
16-өлең. Мен – Ведалық рәсіммін, құрбандық бағыштаумын, ата-бабаға арналған тартумын, емдік шөппін, трансцендентті мантрамын. Мен сары маймын, отпын және құрбандықтағы тартумын.
17-өлең. Мен – бұл жаһанның әкесімін, анасымын, тірегімін, арғы атасымын. Мен – білім нысанымын, тазартушы күшпін және ом̇ буынымын. Мен сондай-ақ Риг, Сама және Йаджур Ведаларымын.
18-өлең. Мен – мақсатпын, қолдаушымын, билеушімін, куәгермін, мекенмін, панамын, ең жақын доспын. Мен жаратылумын, жойылумын, барлық нәрсенің негізімін, тыныштану орны және мәңгілік ұрықпын.
19-өлең. Уа, Арджуна, Мен – жылу берушімін, жауынды тоқтатушы және жаудырушымын. Мен – өлмейтін тіршілікпін және өліммін. Рух та, материя да Менің бойымда.
20-өлең. Жұмақ ғаламшарларына жету үшін Ведаларды оқып-үйреніп, сома шырынын ішушілер Маған жанама түрде табынады. Күнә салдарынан тазартылған олар ізгілікке толы жұмақтағы Индра ғаламшарында туып, онда пірлерге лайық ең жоғарғы рахатқа кенеле өмір кешеді.
21-өлең. Таусылмастай жұмақ ләззатына берілген олар ізгі әрекеттерінің қоры таусылған соң, осы ажалдылар мекеніне қайта оралады. Осылайша, үш Веданың қағидаларын ұстану арқылы сезім ләззатын іздейтіндер тек туу мен өлімнің қайталану шеңберіне қол жеткізумен ғана тынады.
23-өлең. Басқа да түрлі пірлердің ғибадаткерлері сеніммен соларға табынғанымен, шын мәнінде олар Маған ғана табынады, уа, Күнтиұлы, бірақ олар мұны қате жолмен жасайды.
24-өлең. Барлық құрбандықтың рахатын көруші және иесі – бір Менмін. Сондықтан Менің шынайы трансцендентті табиғатымды мойындамайтындар төмен құлдырайды.
25-өлең. Пірлерге табынатындар пірлер арасында туады; ата-бабаға табынушылар ата-бабаларына аттанады; аруақтар мен жындарға табынатындар солардың арасында туады; Маған табынушылар Менімен бірге өмір сүреді.
26-өлең. Кімде-кім Маған сүйіспеншілікпен және ғибадатпен жапырақ, гүл, жеміс немесе су ұсынса, Мен оның тартуын қабыл аламын.
27-өлең. Не істесең де, не жесең де, не ұсынсаң да, не сыйға таратсаң да, қандай тауқымет жасасаң да, уа, Күнтиұлы, барлығын Маған тарту ретінде атқарғын.
28-өлең. Осылайша сен іс-әрекет құлдығынан және оның жағымды да жағымсыз салдарынан құтыласың. Осындай тәрк етушілікпен ақыл-ойыңды Маған шоғырландырсаң, азат болып, Маған ораласың.
29-өлең. Мен ешкіммен өштеспеймін, ешкімге бүйрегімді бұрмаймын. Мен барлығына бірдей қараймын. Ал кімде-кім Маған ғибадатпен қызмет етсе, ол Менің жан досым, Мен де оның досымын.
30-өлең. Маған ғибадат ететін адам, ең жиіркенішті қылық жасаса да, оны әулие деп санау керек. Өйткені ол шешімін дұрыс жолға бағыттаған.
32-өлең. Уа, Притһаұлы, Мені паналағандар, тіпті әйелдер, вайшйалар [саудагерлер] және шудралар [қара жұмысшылар] сияқты төменгі текке жататындар болса да – ең жоғарғы мақсатқа жете алады.
33-өлең. Бұл әділ Браһманаларға, ғибадаткерлерге және әулие патшаларға одан да көбірек қатысты. Сондықтан осы өткінші, бақытсыздыққа толы әлемге келген жан ретінде, сен Маған махаббатпен қызмет ет.
34-өлең. Ақыл-ойыңды әрқашан Мен туралы ойлауға бағышта, Менің ғибадаткерім бол, Маған бас иіп тағзым ет. Мен жайында толық ойға шомсаң, Маған міндетті түрде келесің.
ТЕКСТ 35. Что же тогда говорить о благочестивых брахманах, о преданных и о праведных царях? Поэтому, раз уж ты оказался в этом бренном, полном страданий мире, целиком посвяти себя любовному служению Мне.
ТЕКСТ 36. Всегда думай обо Мне, стань Моим преданным, выражай Мне почтение и поклоняйся Мне. Полностью сосредоточенный на Мне, ты непременно придешь ко Мне.
1-өлең. Құдайдың Түптұлғасы былай деді: «Әрі қарай тыңда, уа, күрзі жұдырықты Арджуна. Сен Менің қымбатты досымсың, сенің игілігің үшін Мен бұған дейін баяндалған білімнен де артық білімді айтып беруді жалғастырамын.
2-өлең. Пірлер де, ұлы данышпандар да Менің ұлылығым туралы білмейді. Өйткені Мен пірлердің де, данышпандардың да, қай жағынан алғанда да түпкі тегімін.
3-өлең. Мені ешкімнен тумаған, бастауы жоқ, бүкіл әлемнің Құдіретті Құдайы деп танитын материалдық елестен азат адам ғана барлық күнәдан арылады.
5-өлең. Жеті ұлы данышпан мен оларға дейінгі төрт ұлы данышпан және Манулар [адамзаттың арғы бабалары] Менен тарайды, Менің ақыл-ойымнан жаратылады және сан алуан ғаламшарларды мекендейтін барша тіршілік иелері солардан тарайды.
6-өлең. Менің ұлылығым мен тылсым күшіме шын пейілмен сенетін жан Маған адал ғибадат етеді. Бұған еш күмән жоқ.
7-өлең. Мен бүкіл рухани және материалдық дүниелердің қайнар көзімін. Бәрі Менен шығады. Мұны жақсы білетін данышпандар Маған ғибадат етумен айналысып, жан-тәнімен Маған табынады.
8-өлең. Менің таза ғибадаткерлерім Мені үздіксіз ойлаумен болады, олардың бүкіл өмірі Маған ғибадат етуге бағышталған. Бір-бірімен Мен туралы білгендерімен бөлісіп, сұхбаттасудан олар зор қанағат және ләззат алады.
9-өлең. Маған асқан сүйіспеншілікпен үнемі ғибадат ететіндерге Маған жете алатын түсінік беремін.
10-өлең. Ерекше мейір-шапағатымды төгу үшін олардың жүрегінен орын тепкен Мен білім шырағымен надандық түнегін сейілтемін.
11-өлең. Арджуна былай деді: Сен Құдайдың Түптұлғасысың, ең жоғарғы мекенсің, пәк тазасың, Абсолютті Хақсың. Сен мәңгіліксің, трансценденттісің, түпкі тұлғасың, ешкімнен тумайсың, ең ұлықсың. Нарада, Асита, Девала және Вйаса сияқты ұлы данышпандардың бәрі Сен туралы осы ақиқатты растайды, енді оны Өзің де маған мәлімдеп отырсың.
12-өлең. Уа, Кришна, мен Сенің айтқандарыңды ақиқат ретінде толығымен қабылдаймын. Уа, Жаратқан Ием, сенің табиғатыңды пірлер де, әзәзілдер де түсіне алмайды.
13- өлең. Шынында, Өзіңді ішкі қуатың арқылы Өзің ғана білесің, уа, Түптұлға, баршаның түпкі тегі, барша тіршілік иелерінің Билеушісі, пірлердің де Құдайы, бүкіл жаһанның Әміршісі!
14-өлең. Өтінемін, бүкіл болмысты жайлаған тәңіри ұлылығың туралы егжей-тегжейлі айтып берші.
15-өлең. Уа, Кришна, уа, ең жоғарғы тылсым йоги, Сен туралы қалай ұдайы ойлап, Сені қалай тануым керек? Уа, Құдайдың Түптұлғасы, Сені кейіптеріңнің қайсысын есімде ұстауым керек?
16-өлең. Уа, Джанардана, ұлылығыңның тылсым құдіретін тағы да егжей-тегжейлі сипаттап бере гөр. Сен туралы тыңдаудан ешқашан жалықпаспын, өйткені тыңдаған сайын Сенің сөздеріңнің балшырынын татқым келе береді.
17-өлең. Құдайдың Түптұлғасы былай деді: Жарайды, Мен саған Өзімнің асқан ұлылығымның ең бастыларын ғана айтып берейін, уа, Арджуна. Себебі Менің ұлылығымның шегі жоқ.
19-өлең. Мен Адитйалар арасынан – Вишнумын, шырақтар арасынан — нұр шашқан Күнмін, Маруттардан — Маричимін, жұлдыздар арасынан — Аймын.
20-өлең. Ведалардан Мен – Сама Ведамын, пірлер арасынан – жұмақ патшасы Индрамын, сезімдер арасынан – ақыл-оймын, ал тіршілік иесі арасынан – тіршілік қуатымын [санамын].
21-өлең. Рудралардың арасынан – Шивамын, йакшалар мен ракшасалар арасынан – пірлердің байлығын сақтаушымын [Куверамын], Васулар арасынан – отпын [Агнимін], таулар арсынан – Мерумін.
22-өлең. Уа, Арджуна, абыздардың арасынан Мені бас абыз Бриһаспати деп біл. Сардарлар арасынан –Картикейамын, ал су қорлары арасында – мұхитпын.
23-өлең. Мен ұлы данышпандардың арасынан – Бһригумын, дыбыс тербелістері арасынан – трансцендентті ом̇ дыбысымен, құрбандықтар арасынан – киелі есімдерді [джапа] әндетумін, ал қимылсыздардың ішінен – Гималаймын.
24-өлең. Бүкіл ағаш арасынан – банйан ағашымын, ал пірлер арасындағы даналардан – Нарадамын. Гандһарвалар арасынан – Читраратһамын, ал кемел жандар арасынан – данышпан Капиламын.
25-өлең. Мен тұлпарлар арасынан – мұхитты піспектеуден шыққан Уччайһшравамын, алып пілдердің арасынан – Айраватамын, ал адамдар арасынан – патшамын.
26- өлең. Мен қару-жарақтар арасынан – найзағаймын, сиырлар арасынан – сурабһимін, ұрпақ қалдыруға себепшілердің ішінен – махаббат пірі Кандарпамын, ал жыландар арасынан – Васукимін.
27-өлең. Мен көп басты Нага жыландары арасынан – Анантамын, ал суда мекендеушілер арасынан – су пірі Варунамын. Қайтыс болған ата-бабалар арасынан – Арйамамын, ал әділ қазылар арасынан – өлім пірі Йамамын.
28-өлең. Мен Даитйалар [әзәзілдер] арасынан – Праһладамын, бағындырғыш күштер арасынан – уақытпын, аңдар арасынан – арыстанмын, құстар арасынан – Гарудамын.
29-өлең. Мен тазартушы күштердің арасынан – желмін, қарумен жасақталғандар арасынан – Рамамын, балықтар арасынан – акуламын, ағысты өзендер арасынан – Гангамын.
30-өлең. Уа, Арджуна, бүкіл жаратылыстың бастауы да, соңы да, сондай-ақ ортасы да Менмін. Мен барлық ғылымның ішінен – рухани біліммін, ал қисынға сүйенушілер ішінен – түпкі ақиқатпын.
31-өлең. Мен әріптер ішінен – А әрпімін, ал күрделі сөздердің ішінен – қос мүшелі сөзбін. Мен – мәңгі уақытпын, ал жаратушылар арасынан – Браһмамын.
32-өлең. Мен – бәрін жалмайтын өліммін және болар шақта барлығының пайда болуына себепшімін. Мен әйелдер арасынан – атақ-даңқпын, бақпын, әсемдеп сөйлеу, есте сақтау қабілетімін, зердемін, мақсаткерлікпін және шыдаммын.
33-өлең. Мен Сама Ведада мантраларының ішінен – Бриһат-самамын, ал өлең туындыларынан – Гаятримін. Жыл айларының ішінен – Маргаширшамын [Қараша-Желтоқсан], жыл мезгілдері арасынан – гүлденген көктеммін.
34-өлең. Мен айлакерлер арасынан – құмар ойынымын. Жарқырағандардың жарығымын. Мен – жеңіспін, шытырман оқиғамын, күштілердің күшімін.
35-өлең. Мен Вришни ұрпақтары арасынан – Вāсудевамын, ал Пандавалар арасынан – Арджунамын. Данышпандардың ішінен – Вйасамын, ал ұлы ойшылдардың ішінен – Ушанамын.
36-өлең. Мен заңсыздықты тыюдың барлық құралы арасынан – жазамын, ал жеңіске ұмтылушылар арасынан – адамгершілікпін. Құпиялар ішінен – үндемеумін және даналардың даналығымын.
37-өлең. Сонымен қатар, уа, Арджуна, Мен – бүкіл жаратылыстың ұрығымын. Қозғалатын немесе қозғалмайтын тіршілік иелерінің ешқайсысы Менсіз тіршілік ете алмайды. |
38-өлең. Уа, дұшпанын тізе бүктіруші, Менің тәңіри көріністерімде шек жоқ. Саған баяндағандарым Менің шексіз ұлылығымның шет жағасын ғана көрсетеді.
39-өлең. Ең сәулетті, ең әдемі, ең әсем жаратылыстардың барлығы Менің теңдесіз сән-салтанатымның ұшқыны ғана екенін біл.
40-өлең. Бірақ, Арджуна, мұны егжей-тегжейлі білудің не қажеті бар? Мен Өзімнің бір ғана бөлшегіммен бүкіл әлемді қамтып, демеп тұрамын.